Басты бет
·
Теннис

Мирра Андреева WTA қорытынды турнирінің финалында жеңіске жетуіне не көмектескенін айтты

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Ресейлік теннисші Мирра Андреева WTA қорытынды турнирінің финалында украиналық Элина Свитолинаны қалай жеңгенін түсіндірді.

19 жастағы спортшы АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен шешуші кездесуде қарсыласын 7:5, 6:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Матчтан кейін Андреева финал алдында ерекше жігерленгенін және қандай жағдай болмасын жеңісті қолдан бермеуге дайын болғанын айтты.

«Финал алдында бар күшімді кортта қалдыруға дайын екенімді сезіндім. Бірақ жеңісті ешкімге бергім келмеді. Свитолина мені тек өлі денемнің үстінен аттап өтіп қана жеңе алатындай көрінді. Қолым күлдіреп, бұлшықеттерім тартылып қалса да, кез келген қиындыққа төзуге дайын болдым. Ең бастысы – бұл матчта жеңілмеу. Осындай көзқарас маған батыл ойнауға, қысымды жеңуге және шешуші сәттерде жақсы өнер көрсетуге көмектеседі», – деді Андреева.

Ресейлік теннисші эмоциясын бақылауды қалай үйренгенін де түсіндірді. Оның айтуынша, сәтсіз соққылар үшін өзін кінәлаудың орнына, келесі ұпайға назар аударуға тырысқан.

«Мен өзіме жақсы сөздер айтып, үнемі қолдау көрсетуге тырыстым. Тіпті жаттығуда бір нәрсе дұрыс шықпаса да, келесі соққым сәтті болатынына өзімді сендірдім. Ал ойлағаным жүзеге асқанда, өзімді мақтайтынмын. Осындай көзқараспен ойнау және қобалжуды жеңу әлдеқайда жеңіл», – деді ол.

Жеңістен кейін Андреева қарсыласы Элина Свитолинаға да жылы лебізін білдірді.

«Элина мен оның командасын керемет аптамен құттықтаймын. Сен үшін бұл өте жақсы маусым болды. Финалда жеңілу қаншалықты қиын екенін түсінемін. Бала дүниеге әкелгеннен кейін кортқа қайта оралып, осындай нәтижелерге жетуің үлкен құрметке лайық. Келесі жылы саған тек сәттілік тілеймін», – деді чемпион.

Айта кетейік, 15 қарашада өткен финалдық кездесу 1 сағат 49 минутқа созылды. Бірінші сетте тартысты ойын өрбігенімен, шешуші сәттерде Андреева басымдық танытып, 7:5 есебімен жеңді.

Екінші партияда ресейлік теннисші қарсыласының сервисінде сенімді ойнап, кездесуді 6:3 есебімен аяқтады.

Осылайша Мирра Андреева өзі алғаш рет қатысқан WTA қорытынды турнирінде бес матчтың барлығында жеңіске жетті. Бұл оның 2026 жылғы маусымдағы төртінші титулы болды.

Индиан-Уэллстегі жеңіс Андрееваға әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар ол 2004 жылы чемпион атанған Мария Шараповадан кейінгі WTA қорытынды турнирінің ең жас жеңімпазы болды.