Арина Соболенко WTA қорытынды турнирінде сегіз жылдағы ең нашар нәтижесін тіркеді

Фото: Getty Images
АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде Беларусь теннисшісі Арина Соболенко ресейлік Мирра Андреевадан ойсырай жеңілді.
Әлемнің үшінші ракеткасы Андреева қарсыласын небәрі 62 минутта 6:4, 6:0 есебімен ұтып, жартылай финалға мерзімінен бұрын жолдама алды.
OptaAce статистикалық қызметінің мәліметінше, Соболенко 2018 жылдың наурызынан бері мұндай қысқа уақытта жеңіліп көрмеген. Сол кезде ол Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымында чехиялық Маркета Вондроушовадан 2:6, 2:6 есебімен ұтылған. Ол кездесу 61 минутқа созылған еді.
Бір қызығы, Андрееваға қарсы матчтың басында Соболенко сенімді ойнап, алғашқы сетте 4:1 есебімен алға шықты. Алайда осыдан кейін ресейлік теннисші қатарынан 11 геймді жеңіп алды.
Кездесудің соңғы бөлігінде Андреева 55 ұпайдың 45-ін өз пайдасына жазды. Жалпы матч барысында ол 16 рет допты қарсыласы қайтара алмайтындай соғып, небәрі алты еріксіз қателік жіберді.
Айта кетейік, 19 жастағы Андреева алғашқы турда украиналық Элина Свитолинаны да дәл осындай 6:4, 6:0 есебімен жеңген болатын.
Осылайша Мирра Андреева WTA қорытынды турниріндегі алғашқы екі кездесуінің әрқайсысында бір сетті 6:0 есебімен аяқтаған тарихтағы алғашқы теннисші атанды.
Екі жеңістен кейін ресейлік спортшы топта бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Ал Соболенконың жартылай финалға шығу мүмкіндігі әлі бар. Ол алғашқы турда чехиялық Каролина Мухованы 7:6 (7:2), 7:5 есебімен жеңген еді.
Енді шешуші үшінші турда Беларусь өкілі Элина Свитолинамен кездеседі. Украиналық теннисші бұған дейін Андреевадан жеңілгенімен, екінші матчында Мухованы 3:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Ал Андреева топтық кезеңдегі соңғы кездесуін жартылай финалға шығу мүмкіндігін жоғалтқан Каролина Муховаға қарсы өткізеді.
Еске салайық, WTA қорытынды турнирінің қазіргі чемпионы – қазақстандық Елена Рыбакина. Ол былтыр финалда Арина Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңген болатын. Алайда биыл Рыбакина денсаулығына байланысты жарысқа қатысудан бас тартты.