Басты бет
·
Футбол

Молдова құрамасының футболшысы Қазақстанның қарымта қайтаруға тырысатынын айтты

Аружан Талғат··
Фото:moldova.sports.md

Фото:moldova.sports.md

Молдова құрамасының жартылай қорғаушысы Виктор Стынэ Ұлттар лигасы аясында Қазақстанға қарсы өтетін матч туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық футболшылар алғашқы кездесудегі жеңілістен кейін қарымта қайтаруға бар күшін салады.

Молдова құрамасы Ұлттар лигасының биылғы маусымында Қазақстанмен екінші рет кездесуге дайындалып жатыр. Алғашқы ойында жеңіске жеткен молдовалықтар өз алаңында да үш ұпай алуды көздейді.

Виктор Стынэ Қазақстан құрамасының турнирлік кестедегі соңғы орнына қарап, қарсыласты әлсіз санауға болмайтынын атап өтті.

«Қазақстан қазір топта соңғы орында тұр. Әрине, алғашқы кездесуде жеңілгеннен кейін қарсылас қарымта қайтаруға тырысады. Бірақ біздің де орындауымыз керек міндеттеріміз бар.

Біз жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз. Оның үстіне алда Фарер аралдарына қарсы тағы бір маңызды матч күтіп тұр», – деді Стынэ Moldfootball.com басылымына берген сұхбатында.

Еске салайық, Қазақстан мен Молдова арасындағы алғашқы кездесу Астанада өтіп, қонақтардың 2:1 есебімен жеңісімен аяқталған болатын.

Енді Қазақстан құрамасы сырт алаңда сол жеңілістің есесін қайтаруға тырысады.

Молдова – Қазақстан матчы 13 қарашада Кишинев қаласындағы «Зимбру» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Бұл ойын Молдова құрамасы үшін Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы екі матчтың алғашқысы болмақ.

Ал 16 қарашада молдовалықтар сырт алаңда Фарер аралдары құрамасымен кездесіп, топтық кезеңді аяқтайды.