Монфис US Open-тегі соңғы турнирін Тьеннен жеңіліп аяқтады

Фото: x_@atptour
Әлемнің 311-ракеткасы Гаэль Монфис АҚШ ашық чемпионаты-2026 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады. Франциялық теннисші америкалық Лёнер Тьенге (ATP рейтингінде 15-орын) жол берді.
Матч 2 сағат 18 минутқа созылып, Тьеннің 6:3, 6:4, 6:3 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Франциялық теннисші 8 эйс жасап, 8 рет қос қателікке жол берді. Алайда 8 брейк-пойнттың ешқайсысын пайдалана алмады. Ал Тьен 3 эйс жасап, 4 рет қос қателік жіберді және қарсыласының добын қайтаруға берілген 13 мүмкіндіктің төртеуін жүзеге асырды.
Осылайша, америкалық теннисші жеке кездесулер тарихында Монфисті екінші рет жеңді. Олардың бұған дейінгі кездесуі тамыз айында Монреальда өткен «Мастерс» турнирінде болып, онда да Тьен жеңіске жеткен.
Айта кетейік, 40 жастағы Монфис үшін бұл US Open-дегі соңғы өнер көрсетуі болды. Маусым басында әлемнің бұрынғы алтыншы ракеткасы осы жылы кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Бұған дейін француз теннисші өзінің 40 жасқа толған күнінде бірінші айналымда Адольфо Даниэль Вальехоны жеңіп, соңғы 50 жылда US Open турнирінде 40 жастан асқан кезде матчта жеңіске жеткен үшінші теннисші атанған.
Үшінші айналымда Тьен әлемнің 18-ракеткасы Якуб Меншикпен кездеседі. Бұған дейін теннисшілер 2024 жылғы ATP жастар арасындағы қорытынды турнирінде ойнаған. Сол кездесуде америкалық спортшы бес сетке созылған тартыста чехиялық қарсыласынан басым түскен.
Еске салайық, US Open турнирінің қазіргі чемпионы — Карлос Алькарас. Биылғы жарыс 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.