Моралес Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырды

Фото: UFC
UFC-дің жартылай орта салмақтағы басты үміткерлерінің бірі Майкл Моралес 2027 жылы Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты.
Эквадорлық файтер алдымен қазіргі чемпион Ислам Махачевпен кездесуге жақындауды көздеп отыр. Ол Карлос Пратеске келесі титулдық жекпе-жекке үміткерді анықтау үшін өзара кездесуді ұсынды. Алайда Моралес Рахмоновпен айқасуға да дайын.
«Егер сендердің басқа жоспарларың болса, менің 2027 жылға жекпе-жекке жоспарым бар. Бұл дивизиондағы соңғы босс – Шавкат Рахмонов. Мені қайдан табуға болатынын білесің», – деді Моралес.
Моралес кәсіби мансабында жеңілмеген – 19-0. UFC рейтингінде жартылай орта салмақта үшінші орында тұр. Ол соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың қарашасында өткізіп, Шон Брэдиді мерзімінен бұрын жеңген.
Шавкат Рахмоновтың да рекорды – 19-0. Қазақстандық файтер октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде шығып, Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.
Рахмонов тізесіне байланысты ұзақ уақыт жарақат мәселесіне тап болып, 2026 жылдың басында қайталанған жарақаттан кейін операция жасатқан.