Мысыр федерациясы Аргентинамен өткен матчқа байланысты ФИФА-ға шағым түсірді

ФИФА
Мысыр футбол федерациясы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентинадан 2:3 есебімен жеңілген матчтан кейін төрешілікке қатысты ФИФА-ға ресми шағым жолдады.
Кездесуге француз төрешісі Франсуа Летексье бастаған арбитрлер бригадасы қызмет көрсетті.
Globo басылымының мәліметінше, Мысыр футбол федерациясының президенті Хани Абу Рида матчтағы даулы эпизодтарға қатысты арнайы тексеріс жүргізуді талап еткен. Атап айтқанда, мысырлықтардың есепке алынбаған голы мен аргентиналықтардың үшінші голының алдында белгіленбеген болуы мүмкін пенальтиге назар аударуды сұраған.
Сонымен қатар, Мысыр тарапы француз төрешілер бригадасын әлем чемпионаты аяқталғанға дейін қызметінен шеттетуді талап етті.
Енді Аргентина құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Швейцариямен кездеседі. Швейцариялықтар 1/8 финалда Колумбияны негізгі және қосымша уақытта 0:0 есебімен тең түскеннен кейін, пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілдеде өтеді.