Нью-Йорктегі жантүршігерлік терактіге 25 жыл және Владимир Кличконың жарқын нокауты: спорт тарихында бұл күн

ЖИ
11 қыркүйек спорт тарихында Владимир Кличконың Германиядағы бокс кешінде нокаутпен жеңіске жетуімен, Андре Агасси мен Аранча Санчес Викарионың US Open-дегі жеңістерімен, сондай-ақ Нью-Йорктегі жантүршігерлік терактімен байланысты.
Ferrari пилоттары өз алаңындағы Гран-приде дубль жасады
1988 – осы күні Ferrari командасының австриялық пилоты Герхард Бергер Италия Гран-приінде жеңіске жетті. Жарыста екінші орын оның командаласы, италиялық Микеле Альборетоға бұйырса, үздік үштікті Arrows-Megatron командасының америкалық пилоты Эдди Чивер түйіндеді. 1988 жылғы Формула-1 маусымында McLaren-Honda командасы толық үстемдік жасап, бұған дейінгі 11 кезеңнің барлығында жеңіске жеткен еді. Оның сапында француз Ален Прост пен бразилиялық Айртон Сенна сынды танымал пилоттар өнер көрсетті. Соған қарамастан Ferrari өкілдері өз алаңындағы Гран-приде дубль жасап, McLaren-Honda-ның басымдығын тоқтатты.
Аранча Санчес Викарио мен Андре Агасси – US Open чемпиондары
1994 – осы күні испаниялық теннисші Аранча Санчес Викарио мен америкалық Андре Агасси АҚШ ашық чемпионатында – US Open турнирінің ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сында чемпион атанды. Финалда Аранча Санчес Викарио аты аңызға айналған неміс теннисшісі Штеффи Графты үш сетте 1:6, 7:6, 6:4 есебімен жеңді. Ол кезде Граф US Open турнирінің үш дүркін чемпионы болатын. Ал Андре Агасси US Open турнирінде алғаш рет жеңіске жетіп, финалда германиялық Михаэль Штихті 6:1, 7:6 (7:5), 7:5 есебімен ұтты. Ол Ашық дәуірде рейтингте себілмеген ойыншылар арасында US Open чемпионы атанған алғашқы теннисші болды.
АҚШ-тағы жантүршігерлік терактіге 25 жыл
2001 – осы күні адамзат тарихындағы ең жантүршігерлік терактілердің бірі болды. «Әл-Каида» ұйымының жанкештілері төрт жолаушылар ұшағын басып алды. Олардың екеуі Нью-Йорктегі әйгілі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылды. Үшінші ұшақ Вашингтондағы Пентагон ғимаратына бағытталды. Төртінші әуе кемесі Пенсильвания штатындағы алаңға құлады. 11 қыркүйектегі жаппай террорлық шабуылдар салдарынан 3000-ға жуық адам қаза тапты. Теракт көптеген спорттық шаралардың тоқтатылуына себеп болды. Мәселен, сол қайғылы аптада Чемпиондар лигасы мен УЕФА кубогының қалған матчтары кейінге шегерілді.
Владимир Кличко Германияда нокаутпен жеңіске жетті
2010 – осы күні украиналық боксшы Владимир Кличко Германияда өткен турнир аясындағы реваншта нигериялық Сэмюэл Питерді оныншы раундта нокаутқа түсірді. Осы жеңісінің арқасында Кличко ауыр салмақтағы WBO, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерін қорғап қалды. Кличко мен Питер алғаш рет 2005 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңда кездескен. Алғашқы жекпе-жек барысында Кличко үш рет нокдаунға түскенімен, қарсыласын төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген.
Себастьян Феттель – Италия Гран-приінің жеңімпазы
2011 – осы күні Red Bull-Renault командасының неміс пилоты Себастьян Феттель Италия Гран-приінде жеңіске жетті. Жарыста екінші және үшінші орындарды британиялық Дженсон Баттон (McLaren-Mercedes) мен Фернандо Алонсо (Ferrari) иеленді. Жарыс Монца ұлттық автодромында өтті.
Бұл күні дүниеге келгендер:
1985 – Шон Ливингстон, америкалық баскетболшы. «Голден Стэйт Уорриорз» сапында үш рет НБА чемпионы атанған.
1986 – Ришод Собиров, өзбекстандық дзюдошы. Екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының үш дүркін қола жүлдегері (Бейжің-2008, Лондон-2012, Рио-де-Жанейро-2016).
2005 – Чэнь Юйси, қытайлық суға секіруші. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және екі дүркін чемпионы (Токио-2020, Париж-2024).