Наоми Осака жарақатына байланысты Уханьдағы турнирге қатыспайды

Фото: Jimmie48
Жапониялық теннисші Наоми Осака 12-18 қазан аралығында өтетін Уханьдағы WTA-1000 санатындағы турнирге қатыспайды.
Осака Бейжіңдегі WTA-1000 турниріндегі өнерін аяқтағаннан кейін жарыстан бас тартты. Әлемнің 17-ракеткасы 1/8 финалда чехиялық Каролина Муховадан 5:7, 6:1, 6:7 есебімен жеңілді. Кездесу 2 сағат 51 минутқа созылды.
Матчтан кейін жапониялық теннисші ахилл сіңірінің жағдайы туралы айтып, келесі жарысқа Токиода оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Сәлем! Бұл матч мен үшін өте маңызды болғанын айту үшін ғана жазып отырмын. Нәтиже мен қалағандай болмады. Бірақ Бад-Хомбургтегі турнирден кейін алғаш рет ахилл сіңірім мазаламады. Сонымен қатар бүкіл матч бойы зейінімді сақтай алғаныма қуаныштымын.
Кейбір адамдардың мен үшін қатты уайымдап жүргенін көрдім. Өтінемін, мұңаймаңыздар! Менің өмірім – үлкен нығмет. Қазір үйге ұшып, сүйікті қызымды көремін және көп жылдан кейін алғаш рет туған күнімді отбасыммен бірге атап өтемін. Бар күшімді салдым және Токиода қайтадан байқап көруге мүмкіндік болады. Менде бәрі жақсы болады», – деп жазды Осака Threads желісінде.
WTA-500 санатындағы Токио турнирі 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
Бұған дейін Уханьдағы турнирге әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да қатыспайтыны белгілі болған. Қазақстандық теннисші аяқ жарақатына байланысты жарыстан бас тартып, қалпына келуге уақыт бөлуді шешті.