Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатының финалында жеңіліп қалды

ҚБФ
Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жеңімпазы анықталды.
Финалдық кездесуде Шымкент қаласының өкілі Элина Базарова Алматы атынан сынға түскен үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбаймен жұдырықтасты.
Тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің бөлек шешімімен Элина Базарова жеңіске жетті – 3:2.
Осылайша, шымкенттік боксшы сенсациялық нәтиже тіркеп, Қазақстан чемпионы атанды. Ал Назым Қызайбай күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Назым Қызайбай әлем чемпионатында үш рет топ жарған. Сондай-ақ ол 2024 жылғы Азия чемпионы және Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
Ал Элина Базарова бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақырылған. 2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында ол 1/8 финалға дейін жеткен болатын.