Неймар Әлем Чемпионатының топтық кезеңі ойындарына дайын болуы мүмкін

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Sky sports

Фото: Sky sports

Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңі барысында ұлттық команда сапына қайта оралуы мүмкін.

Globo басылымының мәліметінше, Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти бастаған жаттықтырушылар штабы 34 жастағы футболшының екінші турдағы Гаитиге қарсы матчқа дейін қатарға қосылатынына сенім артып отыр. Аталған кездесу 20 маусым күні Филадельфия қаласында өтеді.

Мамыр айының соңында ұлттық құраманың дәрігері Родриго Ласмар Неймардың балтыр бұлшықетін жарақаттап алғанын және екі-үш аптаға қатардан шыққанын хабарлаған еді. Қазіргі уақытта шабуылшы оңалту курсынан өтіп жатыр және Бразилия құрамасының медициналық штабының бақылауымен жеке бағдарлама бойынша жаттығуда.

Неймар – Бразилия футболы тарихындағы ең атақты әрі ең көп жүлде жеңіп алған ойыншылардың бірі. Ол ұлттық құрама сапында 2013 жылы Конфедерациялар кубогын жеңіп алса, 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанды.

Қазір тәжірибелі футболшы «Сантос» клубының намысын қорғайды. Оның бразилиялық клубпен жасасқан келісімшарты 2026 жылдың соңына дейін күшінде. Transfermarkt порталының мәліметінше, ойыншының нарықтық құны сегіз миллион еуроға бағаланады.

2026 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы С тобында Марокко, Гаити және Шотландия құрамаларымен күш сынасады. Карло Анчелотти шәкірттері турнирдегі алғашқы кездесуін 14 маусым күні Марокко құрамасына қарсы өткізеді.