Неймар үш аптаға дейін алаңға шыға алмауы мүмкін және әлем чемпионатының бастапқы ойындарын өткізіп алуы ықтимал

Фото: Image Photo Agency
Бразилия құрамасының дәрігері Родриго Ласмар шабуылшы Неймардың балтыр бұлшықетін жарақаттап алғанын мәлімдеді. Ласмардың айтуынша, футболшы екі-үш апта аралығында алаңға шыға алмайды.
Бұған дейін Неймар жарақатына байланысты Панамаға қарсы (31 мамыр) және Мысырға қарсы (6 маусым) жолдастық кездесулерге қатыспауы мүмкін екені хабарланған.
— Неймар барлық медициналық тексерістен өтті. Соңғы МРТ нәтижесі оның балтыр бұлшықетінде екінші дәрежелі жарақат бар екенін көрсетті. Бұл жай ғана ісіну емес. Ол ойынға екі-үш аптадан кейін ғана оралуы мүмкін, — деді Ласмар ge.globo басылымына берген сұхбатында.
Осылайша Неймар 13-маусымда өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатындағы топтық кезеңнің Мароккоға қарсы алғашқы матчын өткізіп алуы мүмкін. Одан кейін Карло Анчелотти шәкірттері Гаити және Шотландия құрамаларымен кездеседі.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.