Netflix UFC президенті Дана Уайт туралы деректі фильм түсіреді

Фото: Getty Images
UFC президенті Дана Уайт Netflix платформасының жаңа деректі фильмінің басты кейіпкері атанады.
Жоба аралас жекпе-жектің әлемдік деңгейде танымал болуына зор үлес қосқан, қазіргі спорттағы ең ықпалды басшылардың бірі саналатын Уайттың мансабы туралы баяндайды.
Америкалық Page Six басылымының мәліметінше, фильмнің премьерасы 2027 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Әзірге картинаның мазмұны мен оған Уайттың өміріндегі қандай оқиғалар енетіні белгісіз.
Бір қызығы, Netflix пен UFC басшысының ынтымақтастығы бастапқыда басқа жобадан басталған. Стримингтік платформа UFC-дің АҚШ-тағы медиақұқықтарын сатып алуға үміткер болып, қатарынан ұйым президенті туралы деректі фильм түсіруге де қызығушылық танытқан. Алайда трансляция құқығына қатысты келісім жүзеге аспай, келісімшарт Paramount компаниясына бұйырды. Соған қарамастан, деректі фильм түсіру жоспары өзгерген жоқ.
Дана Уайт туралы фильмді кім түсіреді?
Жобаның бастамашыларының бірі Netflix-тің бұрынғы басшыларының бірі Бела Баджария болған. Ол қызметінен кеткеннен кейін және орнына Питер Райс тағайындалған соң да фильмнің жұмысы тоқтаған жоқ.
Картинаны түсіру Готэм Чопраға тапсырылуы мүмкін. Ол танымал спортшылар туралы деректі жобаларымен белгілі. Бұған дейін режиссер Том Брэди, Леброн Джеймс, Стефен Карри және Олимпиада чемпионы Симона Байлз туралы фильмдер түсірген. Сондай-ақ оның жобаларында Уиз Халифа мен Джон Бон Джови сынды музыканттар да болған.
Чопра Religion of Sports продюсерлік компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Оның серіктестері америкалық футбол жұлдыздары Том Брэди мен Майкл Страхан болды.

Фото: Getty Images
Неліктен Дана Уайттың өмірі Голливудты қызықтырады?
Дана Уайт UFC басшылығына 2001 жылы келді. Сол кезде Лоренцо мен Фрэнк Фертитта ағайындылары ұйымды небәрі екі миллион долларға сатып алған еді. Ол кезеңде аралас жекпе-жек АҚШ-та кеңінен мойындалу үшін әлі күресіп жатқан болатын.
Кейін UFC халықаралық деңгейдегі ірі спорттық бизнеске айналды. Турнирлерге мыңдаған көрермен жиналып, ұйым жауынгерлері әлемге танылды.
Уайт октагоннан тыс жерде де үнемі назарда жүрді. Ол журналистермен ашық пікірталасқа түсіп, спортшылармен жиі келіспеушілікке барады және өткір сұрақтардан қашпайды. Оның мінез-құлқы бірнеше рет үлкен талқылауға себеп болған.
Сондықтан деректі фильмде UFC басшысының іскерлік шешімдері мен ұйымның әлемдік деңгейге көтерілу тарихынан бастап, әйгілі жауынгерлермен қарым-қатынасына дейінгі оқиғалар қамтылуы мүмкін.
Әзірге фильмге Конор Макгрегор, Джон Джонс, Хабиб Нурмагомедов және Дана Уайтпен бірге UFC тарихын жасаған өзге де жауынгерлердің қатысатыны белгісіз.
Деректі фильмнің нақты премьера күні әзірге жарияланған жоқ.