«Соңғы жекпе-жегім»: Конор Макгрегор болашағына қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Getty Images
Бұған дейін UFC-дің екі салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеулерді иеленген ирландиялық файтер Конор Макгрегор октагонға келесі рет шыққаннан кейін мансабын аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Бұрынғы жеңіл және жартылай жеңіл салмақ чемпионы бұл жоспары туралы X әлеуметтік желісінде жазды. Сондай-ақ ирландиялық жекпе-жектердің коммерциялық табысы туралы сөз қозғап, өз көрсеткіштерін әлемдік бокстың жұлдыздарымен салыстырды.
«Канелоның жекпе-жегін қанша адам тамашалады? Аренада қанша көрермен болды? Қанша табыс түсті? Мен сатылым бойынша олардың барлығынан әлдеқайда асып түсемін. Оның үстіне, айырмашылық өте үлкен. Әрқайсысынан еш қиындықсыз басыммын. Тіпті бәрін қосқанның өзінде де озуым мүмкін. Ал мен бұл үшін тіпті күш салмаймын.
Соңғы жекпе-жегім футболдан әлем чемпионатының жартылай финалымен бір уақытта өтті. Соған қарамастан, сол сәтсіз жекпе-жекте де жақсы көрсеткішке қол жеткіздім. Енді октагонға оралу үшін тағы бірнеше ай күтуіме тура келеді.
Келесі жолы, яғни соңғы жекпе-жегімде, кездесуді барынша жақсы жарнамалауға тырысамын. Қандай көрсеткішке қол жеткізе алатынымды көрейік. Өз рекордтарымды жаңарта беремін», – деп жазды Макгрегор.
Ирландиялық файтердің соңғы жекпе-жегі UFC 329 турнирінде өтті. Ол америкалық Макс Холлоуэймен реванш өткізді. Кездесу бірінші раундта Холлоуэйдің жеңісімен аяқталды.
Жекпе-жектің басында Макгрегор тайып құлап, тізесін жарақаттап алды. Осы жарақатына байланысты ол кездесуді жалғастыра алмады.