Нидерланд құрамасы Мароккомен өткен матчта әлем чемпионатының рекордын жаңартты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ФИФА

Фото: ФИФА

Нидерланд құрамасы Мароккоға қарсы 1/16 финал матчында әлем чемпионаттарының жаңа рекордын орнатты.

Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 72-минутында шабуылшы Коди Гакпо есеп ашты. Алайда екінші таймның 91-минутында қорғаушы Исса Диоп Шемсдин Тальбидің пасынан кейін жақын қашықтықтан дәл соққы жасап, таразы басын теңестірді.

Матчтан кейінгі пенальти сериясында Марокко футболшылары дәлірек болып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Бұл матч Нидерланд құрамасы үшін әлем чемпионаттарындағы қатарынан алтыншы ойын болды, онда команда екінші таймда әрі гол соғып, әрі гол жіберген. Бұл турнирдің жаңа рекорды. Бұған дейінгі жетістік Германия құрамасына тиесілі еді, олар 1986 жылдан 1990 жылға дейін қатарынан бес матчта осындай нәтиже көрсеткен.

Нидерланд құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы өнерін пенальти сериясында жеңіліп, аяқтады. Ал Марокко құрамасы 1/8 финалға шығып, бұған дейін Оңтүстік Африканы 1:0 есебімен жеңген Канадамен кездеседі.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр және 19 шілдеде аяқталады.