Норвегия ұлттық федерациясы FIS басшысын қызметтен кетіргісі келеді

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Zuma/ТАСС

Фото: Zuma/ТАСС

Бірнеше ұлттық шаңғы қауымдастықтары Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясына (FIS) ресми мәлімдеме жолдап, ұйым президенті Йохан Элиаштың басшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді.

Норвегия құрамасынан бөлек, қазіргі президенттің саясатына АҚШ, Швейцария, Аустрия, Германия, Испания және Канада федерациялары да наразы. Аталған елдер FIS-ке бірлесе арыз тапсырған.

Федерациялар Элиашты ұйымды авторитарлық үлгіде басқарды, ұлттық федерациялардың пікірін елемеді және FIS бюджетін қаржылық манипуляцияларға жаратты деп айыптап отыр.

«Біз қазіргі президент Йохан Элиаш FIS-ті әрі қарай басқармауы керек деп есептейміз. Бұған себеп — ашықтық пен әріптестіктің болмауы, ұйымның ортақ қаражатын пайдалану салдарынан резервтердің азаюы және халықаралық шаңғы спорты беделінің әлсіреуі», — дейді Норвегия шаңғы федерациясының бас хатшысы Ула Кёйл Skiforbundet таратқан ақпаратта.

FIS-тің жаңа президентін сайлау 10-11 маусым күндері Сербияның Белград қаласына жоспарланған конгресте өтеді. Йохан Элиаштан бөлек, ұйым басшылығына Анна Харбо Фалькенберг (Дания), Виктория Гослинг (Ұлыбритания), Александр Оспельт (Лихтенштейн) және Декстер Пейн (АҚШ) үміткер болып отыр.

Норвегия ұлттық федерациясы FIS басшысын қызметтен кетіргісі келеді – sport-hub