Нұрсұлтанов пен Рамос титулдық жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

Фото: instagram.com/meiirim.nursultanov/adal_promotions
Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов пен америкалық Хесус Рамос орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек анонсынан кейін алғашқы мәлімдемелерін жасады. Кездесу 20 қыркүйекте Сан-Диегода өтеді.
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы рингке қайта оралу мүмкіндігін ұзақ күткенін айтып, өз шансын толық пайдалануға ниетті екенін жеткізді.
«Алдағы жекпе-жек мен көптен күткен сәт. Оған жету үшін сабыр мен тынымсыз еңбек қажет болды. Енді сөз емес, іске көшемін. Мен толық дайынмын және барымды саламын. Бар назарым жекпе-жекте, мақсатым айқын жеңіс», – деп келтіреді боксшының сөзін Fightmag.
WBC уақытша чемпионы Хесус Рамос та алда оңай айқас күтіп тұрмағанын айтып, қазақстандық боксшыға құрметпен қарайтынын атап өтті.
«Рингке қайта оралып, алғашқы титул қорғау жекпе-жегімді өткізуге өте қуаныштымын. Қарсыласымның тәжірибелі екенін білемін және бұл мүмкіндікті көп күттім. Ол – аш әрі қауіпті боксшы, сондықтан 20 қыркүйекте оның ең мықты нұсқасын көреміз деп ойлаймын», – деді ол.
Бұл жекпе-жек Pechanga Arena-да өтетін бокс кешінің қосалқы басты айқасы болады. Кештің басты жекпе-жегінде Айзек Крус бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша титулы үшін Нестор Бравомен кездеседі. Нұрсұлтанов үшін бұл 2023 жылдың қарашасынан бергі алғашқы жекпе-жек болмақ.