Нұрсұлтановтың менеджері Рамоспен өтетін титулдық жекпе-жекке пікір білдірді

Aibar Rysdaulet··
Фото: Boxing News

Фото: Boxing News

Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың менеджері Эгис Климас WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы Хесус Рамоспен жекпе-жегінің ресми жариялануына қатысты пікір білдірді.

Нұрсұлтанов – Рамос айқасы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Жекпе-жекте Рамосқа тиесілі орта салмақтағы WBC Interim титулы сарапқа салынады. Бұл кездесудің жеңімпазы толыққанды чемпиондық белбеудің міндетті үміткері атанады. Қазіргі чемпион – Карлос Адамес.

«Мейірім үшін өте қуаныштымын, бұл жекпе-жек екі жылдық күтуден кейін ақыры жүзеге асқалы тұр. Сонымен қатар, WBC президенті Маурисио Сулейманның айтуынша, Адамес Нұрсұлтанов – Рамос кездесуінің жеңімпазымен жұдырықтасуы тиіс», – деді Климас.

Айта кетейік, Нұрсұлтанов үшін бұл 2023 жылдан бергі алғашқы жекпе-жек болмақ.

Эгис Климас бокс әлеміндегі бірқатар жұлдыздармен жұмысымен танымал. Оның қатарында Жәнібек Әлімханұлы, Василий Ломаченко бар. Бұған дейін ол Александр Усикпен де қызметтес болған.