«Оксфорд Юнайтед» теракттармен байланысы болғаны үшін киім топтамасын сатылымнан алып тастады

«Оксфорд Юнайтед» ФК
Ағылшынның Oxford United клубы жаңа Campus Collection киім топтамасын сатылымнан алып, жанкүйерлерден кешірім сұрады. Бұған киімдердегі «United 93» деген жазу себеп болған.
Киім топтамасы 18 қыркүйекте таныстырылған. Ол америкалық университеттік спорт стилінде жасалып, америкалық футбол мен бейсбол формасына ұқсас болған.
Клубтың түсіндіруінше, «United 93» жазуындағы 93 саны клубтың құрылған 1893 жылына байланысты қолданылған. Алайда бұл атау United Airlines 93 рейсімен сәйкес келген. Әлеуметтік желідегі қолданушылардың реакциясынан кейін клуб топтаманы сатылымнан алып тастады.
«Оксфорд Юнайтед» коллекцияны шығарған кезде тарихи контекстің ескерілмегенін және тиісті тексеру жүргізілмегенін мойындады. Клуб қателік үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, болашақта киім топтамаларын бекіту тәртібін қайта қарауға уәде берді.
United Airlines 93 рейсі 2001 жылғы 11 қыркүйекте лаңкестер басып алған төрт ұшақтың бірі болған. Ұшақ жолаушылар мен экипаж мүшелері бортты бақылауды қайтаруға әрекет жасағаннан кейін Пенсильвания штатында құлаған. Борттағы 33 жолаушы, жеті экипаж мүшесі және төрт басып алушы қаза тапқан.