Басты бет
·
Lifestyle

Жаңа «Обитель зла» франшизаның кассалық рекордын жаңартуы мүмкін

Бекарыс Әлімхан··
Жаңа «Обитель зла» франшизаның кассалық рекордын жаңартуы мүмкін

«Обитель зла» фильмінің жаңа нұсқасы кинофраншиза тарихындағы ең жоғары көрсеткішпен прокат бастауға үміткер.

Зак Креггер режиссерлік еткен жаңа «Обитель зла» фильмінің Солтүстік Америкадағы алғашқы демалыс күндеріндегі кассалық түсімі 40-50 млн доллар, ал басқа елдердегі көрсеткіші шамамен 31 млн доллар болады деп болжанып отыр. Осылайша, фильмнің алғашқы демалыс күндеріндегі әлемдік кассалық түсімі 80 млн долларға жуықтауы мүмкін, деп хабарлайды Deadline.

АҚШ нарығындағы болжамның төменгі шегі де франшизаның старттық рекордын жаңартуға жеткілікті. Қазіргі рекорд «Обитель зла 4: Жизнь после смерти» фильміне тиесілі. Картина 2010 жылы алғашқы демалыс күндері Солтүстік Америкада 26,65 млн доллар жинаған.

Жаңа фильмнің басты кейіпкері – Остин Абрамс сомдайтын медициналық курьер Брайан. Ол Раккун-Сити ауруханасына сәлемдеме жеткізу кезінде вирустың таралу ошағына тап болып, аман қалу үшін күресуге мәжбүр болады. Фильм франшизаның жеке оқиғасын баяндайды және ойындардағы Леон Кеннеди мен Джилл Валентайн секілді басты кейіпкерлерді қамтымайды.

Фильмнің өндірістік бюджеті 75 млн долларға бағаланып отыр. Картинаны Sony Pictures шығарды, ал өндірісімен және бірлескен қаржыландыруымен Constantin Film айналысты.

Айта кетейік, фильм АҚШ-та 18 қыркүйекте прокатқа шықты. Ал «Обитель зла» фильмінің Қазақстандағы премьерасы 24 қыркүйекке жоспарланған.