«Ол бізді келесі кезеңге шығарды»: Зуев «Тобылдың» жеңісінен кейін Устименконы ерекше атап өтті

«Тобыл» ФК
Қостанайдың «Тобылының» жартылай қорғаушысы Александр Зуев Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі литвалық «Паневежиске» қарсы қарымта матчты қорытындылады. Бұл кездесудің нәтижесінде қазақстандық команда турнирдің келесі кезеңіне өтті.
Ойыннан кейін футболшы жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтып, жетістікке бүкіл команда үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар, Зуев қақпашы Даниил Устименконы ерекше бөліп көрсетті. Оның пікірінше, дәл осы ойыншы матчтың басты кейіпкері болды.
«Бізді қолдаған барлық жанкүйерлерге үлкен рақмет айтқым келеді. Ең бастысы біз қажетті нәтижеге жетіп, турнирдегі күресті жалғастырып жатырмыз. Жанкүйерлер керемет атмосфера жасады. Даниил Устименкоға ерекше алғыс, бүгін ол шешуші рөл атқарып, команданың келесі кезеңге өтуіне іс жүзінде себепкер болды. Барлық жігіттер алаңда барын салды. Иә, мүмкіндіктерді тиімдірек пайдалануымызға болар еді, бірақ қойылған міндетті орындадық», — деп келтіреді Зуевтің сөзін «Тобылдың» баспасөз қызметі.
Александр Зуев алаңда 98 минут ойнап, кейін Даурен Жұматқа ауыстырылды.
Қостанайда өткен жауапты матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Алдымен есепті «Паневежис» ашты, 33-минутта Наурис Петкявичюс гол соқты. Алаң иелері бірінші таймға қосылған уақытта таразы басын теңестірді: Ислам Чесноковтың пасынан кейін Амин Талал дәл соққы жасады.
Қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады, сондықтан бәрі пенальти сериясына тірелді. Онда «Тобыл» ойыншылары 3:2 есебімен басым түсіп, ал Даниил Устименко бірнеше маңызды сейв жасап, команданың жеңісіне шешуші үлес қосты.
Айта кетейік, Литвадағы алғашқы кездесу де 1:1 есебімен аяқталған болатын.