Олимпиада чемпионы Елеусінов Астанада жол-көлік оқиғасына тап болды

Фото: kazinform
2016 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Астанада болған жол-көлік оқиғасына қатысты.
Заңгер Жасұлан Рахымғалиевтің мәліметінше, полицияға «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңында үш көлік қатысқан жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына себеп болды делінген Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін жол талғамайтын көлік Достық көшесінен табылған. Көлік тізгінінде боксшы Данияр Елеусінов болғаны айтылды. Сондай-ақ спортшының көлікті алкогольді масаң күйде басқарғаны жөнінде ақпарат тарады.
Еске салайық, Данияр Елеусінов (13-0, 9 KO) Дана Уайттың Zuffa Boxing промоутерлік ұйымымен келісімшартқа отырған. Алайда ол әзірге аталған промоушенде бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқ.
Қазақстандық боксшы соңғы рет былтыр шілде айында шаршы алаңға шығып, екінші раундта америкалық Джеймс Бэконды (26-6, 17 KO) техникалық нокаутпен жеңген болатын.