Олимпиадада алтын алмаған қазақстандық боксшы үздіктер рейтингінде Головкиннен озып кетті

Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов британдық сарапшы Мэтт Робинсонның нұсқасы бойынша барлық уақыттағы әуесқой боксшылардың үздік 100 спортшысының қатарына енді. Ол Геннадий Головкин мен Қазақстанның бірнеше Олимпиада чемпионынан жоғары орынға орналасты.
Британдық сарапшы Мэтт Робинсон тарихтағы ең үздік 150 әуесқой боксшының рейтингісін жариялады. Тізімде қазақстандық Әділбек Ниязымбетов 92-орынға тұрақтап, бірқатар танымал отандасынан озып кетті.
Салыстыру үшін айта кетсек, Геннадий Головкин 103-орынға жайғасқан. 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев 106-орынға, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттарханов 122-орынға, ал 2008 жылғы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев 142-орынға орналасты.
Мэтт Робинсон рейтингті жасағанда жеңіп алған медальдар санын ғана емес, қарсыластардың деңгейін, спортшының тұрақтылығын және техникалық шеберлігін де ескерген.
Әділбек Ниязымбетов мансабында Олимпиада ойындарының финалына екі рет шықты. Ол 2012 жылы Лондонда және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс медаль иеленді. Сонымен қатар 2011 және 2013 жылдардағы әлем чемпионаттарында күміс жүлдегер атанып, Азия чемпионатын екі рет жеңіп алды.
Сарапшы Ниязымбетовтің қарсыластарына да ерекше назар аударған. Қазақстандық боксшы әр жылдары кәсіпқой бокстан болашақ әлем чемпионы Александр Гвоздикті, эквадорлық Карлос Гонгора мен өзбекстандық Элшод Расуловты және басқа да мықты боксшыларды жеңген.
Ниязымбетовтің мансабындағы ерекше қарсыластардың бірі — кубалық Хулио Сесар Ла Крус. Ол Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанған. Қазақстандық боксшы ірі халықаралық жарыстардың үш финалында, соның ішінде 2016 жылғы Олимпиада мен 2011 және 2013 жылдардағы әлем чемпионаттарының шешуші жекпе-жектерінде Ла Крусқа есе жіберген.