«Оқжетпес» үздік сұрмергенінен маусым соңына дейін айырылды

«Оқжетпес» ФК
«Оқжетпес» және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Оралхан Өміртаев тізесінен ауыр жарақат алып, маусымның қалған бөлігінде алаңға шыға алмайды.
Amanvibe.kz мәліметінше, футболшы Көкшетау командасының жаттығуы кезінде айқас байламдарын жарақаттаған. Жақын арада Өміртаев қосымша медициналық тексеруден өтеді. Одан кейін Германияға барып, ота жасатады.
Өміртаев биылғы ҚПЛ маусымында 25 матч өткізіп, тоғыз гол соққан. Лиганың ресми сайтының мәліметінше, ол «Оқжетпестің» чемпионаттағы үздік сұрмергені.
Айта кетейік, «Оқжетпес» 26 турдан кейін 45 ұпай жинап, төртінші орында тұр. Үшінші орында келе жатқан «Астананың» еншісінде 48 ұпай бар және бір ойыны қорда.
Көкшетау клубы келесі турда Жезқазғанда «Ұлытауға» қарсы ойнайды. 28-тур матчы 11 қазанда өтеді.