«Ордабасы» мен «Қайсар» Қазақстан кубогының финалында кездеседі

ҚФФ
2026 жылғы Қазақстан кубогының финалында Шымкенттің «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары кездеседі. Шешуші матч 7 қарашада Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді.
Ойын Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады. Бұған дейін қос клуб та Қазақстан футбол федерациясына финалды «Астана Аренада» өткізу туралы өтініш білдірген. Алайда кездесу орны ретінде Түркістан қаласы таңдалды.
«Ордабасы» финалға ел чемпионы мәртебесінде келеді. Андрей Мартин шәкірттері ҚПЛ-2026 маусымының аяқталуына бір тур қалғанда чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Бұған Алматының «Қайраты» 29-турда «Ақтөбемен» 2:2 есебімен тең түскеннен кейін мүмкіндік туды. Шымкенттік клуб 68 ұпай жинап, ең жақын қарсыласынан төрт ұпайға озып кетті. Бұл команданың 2023 жылдан кейінгі екінші чемпиондығы.
«Ордабасы» финалға Өскеменнің «Алтайын» екі матчтың қорытындысы бойынша жеңу арқылы шықты. Алғашқы ойында өз алаңында 3:1 есебімен басым түссе, қарымта кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Қайсар» жартылай финалда елордалық «Жеңісті» жарыс жолынан шығарды. Қызылордалықтар алғашқы матчта 3:1 есебімен жеңіп, қарымта ойында 2:3 есебімен ұтылды. Дегенмен екі кездесудің қорытындысы бойынша 5:4 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Екі команда да Қазақстан кубогын екі реттен жеңіп алған. «Ордабасы» 2011 және 2022 жылдары трофей иеленсе, «Қайсар» 1998/99 жылғы маусымда және 2019 жылы кубокты жеңіп алды. Осылайша, алдағы финалдың жеңімпазы өз тарихында үшінші рет ұлттық кубокты иеленеді.
«Ордабасы» қатарынан екінші маусымда Қазақстан кубогының финалында ойнайды. Өткен жылы шымкенттік клуб Қостанайдың «Тоболына» 0:2 есебімен есе жіберген еді. Биыл команда ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын бір маусымда жеңіп алып, тарихында алғаш рет алтын дубль жасауға мүмкіндік алды.