Басты бет
·
Футбол

«Ордабасы» тарихи маусымнан кейін Андрей Мартинмен қоштасуы мүмкін

Аружан Талғат··
«Ордабасы» ФК

«Ордабасы» ФК

Шымкенттік «Ордабасы» Қазақстан чемпионаты мен Кубогында топ жарғанына қарамастан, бас бапкер Андрей Мартинмен қоштасуы мүмкін. Ақпарат көздерінің мәліметінше, клуб басшылығы мен молдовалық маман жаңа келісімшарт бойынша ортақ шешімге келе алмаған.

Журналист Иван Карповтың хабарлауынша, «Ордабасы» басшылығы мен 52 жастағы Андрей Мартин жаңа келісімшарттың талаптарын келісе алмаған.

Осыған ұқсас ақпаратты Эльдар Аманбаев та жариялады. Оның мәліметінше, тараптар кездесу өткізіп, келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдаған.

Алайда шымкенттік клуб әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Мұндай жағдай команданың тарихи жетістіктерінен кейін күтпеген жаңалық болып отыр.

2026 жылғы маусымда «Ордабасы» өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Ал 7 қарашада Түркістанда өткен Қазақстан Кубогының финалында қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңді.

Осылайша шымкенттік клуб өз тарихында алғаш рет бір маусымда Қазақстан чемпионаты мен Кубогын қатар жеңіп алып, алтын дубль жасады.

Андрей Мартин үшін бұл соңғы үш маусымдағы екінші алтын дубль болды.

Бір қызығы, Қазақстан Кубогының финалына дейін де молдовалық маманның болашағы белгісіз еді.

«Ордабасы» директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қызайбаев бас бапкерге сенім білдіріп, онымен ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенетінін айтқан болатын.

Мартиннің өзі де Шымкентте қалу мүмкіндігін жоққа шығармай, түпкілікті шешім маусым аяқталғаннан кейін қабылданатынын жеткізген.

Қазіргі келісімшарт 2026 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды.

Андрей Мартин «Ордабасыда» қандай жетістікке жетті?

Молдовалық маман шымкенттік клубты 2024 жылдың желтоқсанында тізгіндеді.

Алғашқы маусымы сәтсіздеу өтті. «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасын жетінші орында аяқтады.

Алайда 2026 жылы команда айтарлықтай өзгеріп, елдегі екі басты трофейді де жеңіп алды. Ал Мартин ҚПЛ-2026 маусымының үздік бапкері атанды.

Қазақстанға келгенге дейін ол Молдовадағы «Петрокуб» клубында табысты жұмыс істеді.

2023/24 жылғы маусымда Мартин шәкірттері Тираспольдің «Шериф» клубының ұзақ жылдарға созылған үстемдігін тоқтатып, Молдова чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды. Кейін команда алғаш рет Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, 2024 жылдың жазында дәл осы Мартин жаттықтырған «Петрокуб» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Ордабасыны» жарыстан шығарған болатын.

Арада бірнеше ай өткенде молдовалық маман шымкенттік клубтың бас бапкері атанып, кейін оны тарихи жетістікке жеткізді.

«Ордабасыны» енді кім жаттықтырады?

Эльдар Аманбаевтың мәліметінше, шымкенттік клуб басшылығы жаңа бапкер шақыруды жоспарлап отыр.

Жаңа маманның алдына Қазақстандағы трофейлер үшін күресумен қатар, команданы еурокубоктардың негізгі кезеңіне шығару міндеті қойылмақ.

Келесі жазда «Ордабасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.

Егер Андрей Мартиннің кететіні расталса, шымкенттік клуб еурокубок маусымына жаңа бас бапкердің жетекшілігімен дайындалады.