«Ордабасы» бапкері «Қайсарға» қарсы Қазақстан кубогының финалы туралы пікір білдірді

«Ордабасы» ФК
Шымкенттік «Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан кубогының финалында қызылордалық «Қайсарға» қарсы өтетін матч алдындағы баспасөз мәслихатында командасының дайындығы мен жеңіске деген мүмкіндігін бағалады.
Маманның айтуынша, футболшылар алдағы кездесудің маңыздылығын жақсы түсінеді және маусымды жүлдемен аяқтауға ниетті.
«Кубок финалында ойнау әрқашан ерекше сезім сыйлайды. Мұндай кездесулердің атмосферасы мен эмоциясы бөлек. Біз матчқа жақсы көңіл күймен дайындалып жатырмыз және маусымды лайықты аяқтағымыз келеді. Стадион жанкүйерлерге толып, көрермендер қызықты футбол тамашалайды деп үміттенемін. Жеңіске жету мүмкіндігін пайдалану үшін бар күшімізді саламыз», – деді Мартин.
Бас бапкер футболшылардың психологиялық дайындығына да тоқталды. Оның пікірінше, маусым бойы чемпиондық үшін күресу командаға қысымға төтеп беруді үйреткен.
«Жүлде үшін таласқанда қысымның болуы заңды. Бірақ біздің ойыншылар чемпионат барысында осындай сынақтардан өтіп, қиындықтарды еңсере алатынын дәлелдеді. Шымкент үшін бұл финалдың маңызы зор. Футболшылар мұны жақсы түсінеді және өздерінен не талап етілетінін біледі. Мен командама сенемін», – деді маман.
Сонымен қатар Мартин «Ордабасының» негізгі шабуылшыларының бірі Бьорн Йонсен туралы пікір білдірді. Бапкер норвегиялық футболшының командаға қосқан үлесін жоғары бағалағанымен, нәтижеге бір ғана ойыншы жауапты болмауы керектігін атап өтті.
«Бьорн бұған дейін «Қайсарға» гол соққан және басқа кездесулерде де бізге көп көмектесті. Бірақ ол команданың бір бөлігі ғана. Біз бүкіл ойынды бір футболшыға құрмаймыз. Әрине, ертең оның гол соққанына қуанамын. Дегенмен Әмір хет-трик жасаса да, дәл солай қуанамын. Мен үшін голды кім соғатыны маңызды емес. Ең бастысы «Ордабасының» жеңіске жетіп, сапалы футбол көрсетуі», – деді Мартин.
Еске салайық, «Ордабасы» мен «Қайсар» арасындағы Қазақстан кубогының финалы 7 қарашада Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады.