«Өте өкінішті»: Данияр Елеусінов қамаудан кейін алғаш рет пікір білдірді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов шілде айында қоғам назарын аудартқан оқиғаға қатысты алғаш рет пікір білдірді.

Арнайы қабылдау орнынан босатылғаннан кейін Олимпиада чемпионы журналистермен кездесіп, болған жағдайға шын жүректен өкініш білдіретінін айтты.

Tengri News-ке берген сұхбатында спортшы оқиғаның мән-жайына кеңінен тоқталмай, қысқа мәлімдемемен шектелді.

«Ол оқиғаға қатысты... болғаны болды, өздеріңіз де бәрін көрдіңіздер. Мен бұған қатты өкінемін», — деді Елеусінов.

Еске салайық, бұл резонансты оқиға 9 шілде күні Астанада болған. Полиция мәліметінше, боксшы бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысқан. Апаттан кейін ол оқиға орнын тастап кеткен, алайда кейін құқық қорғау органдары тарапынан анықталып, ұсталған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, тек көліктерге материалдық шығын келтірілген.

Сот барысында спортшының көлікті жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Елеусінов өз кінәсін жоққа шығармады. Сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындап, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.

Оқиғаға қарамастан, Данияр Елеусінов Қазақстанның ең титулды боксшыларының бірі болып қала береді. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған, ал кәсіпқой рингте әлі күнге дейін жеңіліс көрмеген.