Сот Данияр Елеусиновты Астанадағы жол апатынан кейін 20 тәулікке қамады

Фото: Vesti.kz / Турар Казангапов
Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусиновты көлікті мас күйде басқарғаны үшін кінәлі деп таныды.
Соттың анықтауынша, спортшы алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, Астанада үш бірдей жол-көлік оқиғасын жасаған.
Іс материалдарына сәйкес, Елеусинов жер асты паркингінің қақпа тіреуіне соғылып, бір автокөлікпен соқтығысқан, содан кейін инерциямен тағы бір көлікке зақым келтірген. Кейін ол Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққы салдарынан әлгі көлік Toyota Hilux-қа барып соғылған. Оқиғалар нәтижесінде көліктерге зақым келіп, материалдық шығын келтірілген.
Кінәсі медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді. Құжатқа сәйкес, оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Сот отырысында Елеусинов өз кінәсін толық мойындады.
Сот спортшыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, сондай-ақ жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Данияр Елеусинов (13-0, 9 КО) 2016 жылғы Олимпиада чемпионы және Дана Уайттың Zuffa Boxing промоутерлік ұйымының боксшысы. Алайда ол әлі бұл ұйым аясында бірде-бір жекпе-жек өткізбеген. Соңғы рет қазақстандық былтыр шілде айында рингке шығып, екінші раундта америкалық Джеймс Бэконды (26-6, 17 КО) техникалық нокаутпен жеңген.