Басты бет
·
Бокс

Өзбекстандық боксшы әлем чемпионымен титулдық жекпе-жекке жақындады

Дина Хамзина··
Фото: Cris Esqueda/Golden Boy

Фото: Cris Esqueda/Golden Boy

Мексикалық Хайме Мунгия WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуін Бектемир Меликузиевке қарсы қорғауы мүмкін.

WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хайме Мунгия (47 жеңіс, 2 жеңіліс, 35 нокаут) пен өзбекстандық боксшы Бектемир Меликузиев (16 жеңіс, 1 жеңіліс, 10 нокаут) алдағы жекпе-жектің шарттарын алдын ала келіскен.

Бұл туралы америкалық спорт журналисі әрі инсайдер Крис Мэнникс DAZN арнасындағы эфир кезінде мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар кездесудің шарттары бойынша келісімге келген. Алайда жекпе-жектің өтетіні әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

«Меніңше, Мунгия Меликузиевпен жұдырықтасады. Ол титулынан айырылғысы келмейтін шығар. Маған олардың жекпе-жек шарттарын келісіп қойғанын айтты», — деді Мэнникс.

Өткен демалыс күндері мексикалық боксшы кезекті кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетіп, ресейлік Никита Зонені төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Жекпе-жектен кейін Мунгия Меликузиевті өзінің келесі ықтимал қарсыласы ретінде атады.

«Меніңше, келесі қарсыласым Меликузиев болады. Сен келесісің, досым!» — деді мексикалық боксшы.

Дегенмен өзбекстандық боксшы әлем чемпионымен кездесуі мүмкін болғанға дейін тағы бір жекпе-жек өткізуі керек.

6 қарашада Меликузиев Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында рингке шығады. Оның қарсыласы Тәжікстан өкілі Кароматулло Шарипов (4 жеңіс, 3 жеңіліс, 1 тең ойын, 3 нокаут) болады.