Палестина Алматыда FIBA-ның ұпай бойынша әлемдік рекордын жаңартты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФИБА

Фото: ФИБА

Палестина құрамасы Алматыда Мальдив аралдарын 168:78 есебімен жеңіп, FIBA турнирлеріндегі бір команданың бір матчта жинаған ұпайы бойынша әлемдік рекорд орнатты.

Кездесу баскетболдан 2029 жылғы Азия кубогының алдын ала іріктеу кезеңінің бірінші раунды аясында өтті. Палестина 168 ұпай жинады, бұл FIBA аясындағы жарыстар тарихындағы, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарындағы ең үздік көрсеткіш.

Бұған дейінгі рекорд Бразилия құрамасына тиесілі болған. Бразилия 1978 жылы Манилада өткен әлем чемпионатында Қытайды 154:97 есебімен жеңген еді.

Бұл матч Азия кубогының іріктеу кезеңдері тарихындағы ең нәтижелі ойын ретінде де тіркелді. Екі команда жалпы есепте 246 ұпай жинады. Ал Палестинаның 90 ұпайлық басымдығы құрлық біріншілігінің іріктеу турнирлеріндегі ең ірі жеңіс болды.

Матчтың ең нәтижелі ойыншысы 22 ұпай жинаған Тамер Хабаш атанды.

Палестина бірінші раундты жеңіліссіз аяқтап, Қазақстанмен бірге келесі кезеңге жолдама алды.