Патрик Шик әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін Чехия құрамасымен қоштасты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Шабуылшы Патрик Шик Чехия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Форвард бұл шешімді команда 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінен өте алмағаннан кейін жария етті.

Жанкүйерлерге жолдаған үндеуінде Шик бұл қадамға эмоцияның әсерімен келмегенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық құрамадан кету туралы ой көптен бері пісіп-жетілген.

«Бүгін ұлттық құрамамен өмірімнің маңызды бір кезеңі аяқталады. Бұл шешім кенеттен қабылданған жоқ, мен оны ұзақ ойладым. Осы жылдар ішінде бәрі болды: жеңістердің қуанышы, жеңілістің өкініші, бақытты сәттер мен қиын сынақтар. Әр жолы құраманың жейдесін киіп алаңға шыққанда, елім үшін барымды салуға тырыстым.

Мен бұл жолға мақтанышпен қараймын. Бірақ сонымен бірге чех футболы соңғы жылдары көрсеткен нәтижеден әлдеқайда жоғары деңгейге лайық екенін түсінемін. Біз бар мәселелерді ашық мойындап, нәтиже бермей келе жатқан нәрселерді өзгертуіміз керек. Мұны реніштен емес, чех футболының болашағына бейжай қарамайтыным үшін айтып отырмын.

Осы жолда жанымда болған жанкүйерлерге, командадағы әріптестеріме және барлық адамдарға алғыс айтамын. Чехия атынан өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе болды», — деп жазды футболшы әлеуметтік желіде.

Шик ұлттық құрама сапында 2016 жылы дебют жасап, он жыл ішінде 56 матч өткізіп, 26 гол соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол Чехия құрамасы тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі саналады, тек Ян Коллер мен Милан Бароштан кейін тұр.

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатында Чехия құрамасы А тобында соңғы орын алып, топтық кезеңнен аса алмады. Бұл топта сондай-ақ Мексика, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Корея құрамалары өнер көрсетті.