2026-ӘЧ: Мексика гол жібермей келеді, Бразилия қарқын алды, ал Чехия мен Катар жарыстан шығып қалды

Фото: ФИФА
SPORTHUB футболдан әлем чемпионатындағы кезекті ойын күнінің қорытындысын ұсынады.
А тобы
Чехия – Мексика – 0:3 (0:0)
Голдар: Чавес, 55; Киньонес, 61; Фидальго, 90+4
Бұл матч Мексика құрамасының турнирлік жағдайына әсер еткен жоқ. Олар алдын ала плей-офф кезеңіне ғана емес, А тобында бірінші орынға да ие болып қойған еді.
Ал Чехия үшін бұл соңғы жиырма жылдағы ең маңызды ойындардың бірі болды. Алайда алаңдағы ойынға қарағанда, жеңіс еуропалықтарға емес, солтүстік америкалықтарға көбірек қажет сияқты көрінді.
Чехия құрамасы өте баяу әрі шаршаңқы көрінді. Нәтижесінде олар Мексиканың жартылай қосалқы құрамынан ойсырай жеңілді. Тіпті 40 жастағы қақпашы Гильермо Очоа да алаңға шықты. Соған қарамастан, мексикалықтар бірде-бір гол жіберген жоқ.
Қорытындысында Мексика 3:0 есебімен жеңіп, доп айырмасы 6:0 нәтижемен плей-оффқа шықты. Чехия бір ғана ұпаймен турнирден шығып қалды.

ОАР – Оңтүстік Корея – 1:0 (0:0)
Гол: Масеко, 63
Күннің басты сенсациясы осы матчта тіркелді.
Оңтүстік Африка құрамасы турнир басында әлсіз командалардың бірі саналған еді. Бірақ бұл ойында олар тәртіпті қорғанып, аз ғана мүмкіндіктің бірін голға айналдырып, жеңіске жетті.
Осылайша, ОАР өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Ал Оңтүстік Корея үшін жағдай қиындады — олар үшінші орын алып, басқа топтардың нәтижесін күтеді.
В тобы
Швейцария – Канада – 2:1 (0:0)
Голдар: Варгас, 46; Манзамби, 57; Дэвид, 76
Бұл кездесуде екі команда да плей-оффқа шығатыны белгілі болды. Тек топтағы орындарын анықтау керек еді.

Швейцария сенімді ойын көрсетіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Соған қарамастан, Канада да екінші орынмен келесі кезеңге өтті және ОАР-мен кездеседі.
Босния және Герцеговина – Қатар – 3:1 (2:1)
Катар құрамасы бұл турнирде тұрақты ойын көрсете алмады. Канададан 0:6 есебімен жеңілгеннен кейін, шешуші матчта да Боснияға есе жіберді.
Босния құрамасында КПЛ өкілі Иван Башич нәтижелі пасымен ерекшеленді. Нәтижесінде Босния 4 ұпаймен үшінші орын алды және плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндігі бар. Ал Қатар турнирден шығып қалды.
С тобы
Марокко – Гаити – 4:2 (2:2)
Марокко бұл матчта фаворит болғанымен, ойынды сенімсіз бастады. Гаити құрамасы күтпеген жерден алға шығып, ұзақ уақыт есепте көш бастап тұрды. Алайда бірінші таймның соңындағы гол ойын тағдырын өзгертті. Екінші таймда марокколықтар басымдық танытып, жеңісті жұлып алды.

Марокко плей-оффқа шықты, ал Гаити турнирмен қоштасты.
Шотландия – Бразилия – 0:3 (0:2)
Бразилия турнир барысында қарқын алып келеді. Бұл жолы олар Шотландияны сенімді түрде жеңді.
Винисиус Жуниор дубль жасап, матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешті. Кейін Маттеус Кунья есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші таймдағы басты оқиға Неймардың алаңға оралуы болды. 34 жастағы шабуылшы осы чемпионаттағы алғашқы ойынын өткізді.
Бразилия плей-оффқа шықты, ал Шотландияның тағдыры енді басқа нәтижелерге байланысты.
25 маусым күнгі матчтар (Қазақстан уақыты)
Е тобы:
Кюрасао – Кот-д’Ивуар (01:00)
Эквадор – Германия (01:00)
F тобы:
Жапония – Швеция (04:00)
Тунис – Нидерланд (04:00)
D тобы:
Түркия – АҚШ (07:00)
Парагвай – Австралия (07:00)