Винисиустың дублі Бразилияны плей-оффқа алып шықты

Бегасыл Амирбай ··
ФИФА

ФИФА

Футболдан Бразилия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші турда Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, плей-оффқа жолдама алды.

Кездесу Майамидегі «Хард Рок» стадионында өтті. Есеп матчтың 7-минутында Винисиус Жуниордың дәл соққысынан кейін ашылды. 22-минутта бразилиялық шабуылшы тағы бір мәрте мергендік танытқанымен, төреші ереже бұзылғанын тіркеп, голды есепке алмады. Бірінші тайм аяқталар тұста Винисиус баспен гол соғып, дубль авторы атанды. Ал кездесудің соңғы голын айып алаңынан дәл соққы жасаған Матеус Кунья енгізді.

Үш турдың қорытындысы бойынша Марокко мен Бразилия құрамалары 7 ұпайдан жинап, плей-офф кезеңіне шықты. Шотландия 3 ұпаймен үшінші орынға тұрақтаса, әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Гаити құрамасы ұпайсыз қалды.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.

Винисиустың дублі Бразилияны плей-оффқа алып шықты – sport-hub