Плей-офф жолындағы тартыс: әйелдер Премьер-лигасының 16-турында кім кіммен ойнайды?

Бекарыс Әлімхан··
Фото: KFF League

Фото: KFF League

Қазақстан әйелдер Премьер-лигасының 16-туры 17 және 18 тамыз күндері өтеді. Екі ойын күнінде командалар тоғыз матч өткізеді.

Әйелдер Премьер-лигасының 16-тур ойындарын Қазақстан футбол федерациясынің KFF League YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

17 тамызда Қазақстан әйелдер лигасының кезекті турында алты матч өтеді. Сағат 16:00-де «Алтай» – «Тобыл» және «Атырау» – «Жетісу» кездесулері басталады. 17:00-де «Ордабасы» мен «Қайрат» ойнаса, 18:00-де «Қызылжар» «Оқжетпесті» қабылдайды. Ойын күнін 19:00-де басталатын «Қайсар» – «Каспий Ақтау» және «Жеңіс» – «Ақтөбе» матчтары қорытындылайды.

Тағы үш кездесу 18 тамызда өтеді. 17:00-де «Елімай» «Астананы» қабылдайды, ал «Шахтер» «Ертіспен» кездеседі. 20:00-де «Томирис-Тұран» «Ұлытауға» қарсы ойнайды.

Алдағы матчтар алдында А конференциясында 13 кездесуден кейін максималды 39 ұпай жинаған «БИИК-Шымкент» көш бастап тұр. Екінші орында 30 ұпайы бар «Тұран», үшінші орында 25 ұпай жинаған «Қайсар» келеді. В конференциясында «Ақтөбе» 42 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейін 34 ұпайы бар «Жеңіс» және 29 ұпай жинаған «Қызылжар» орналасқан.

Еске салайық, биыл әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты жаңартылған форматта өтуде. Командалар екі конференцияға бөлініп, тұрақты кезеңді екі айналым жүйесі бойынша өткізеді. Оның қорытындысы бойынша өз топтарында алғашқы екі орынға ие болған клубтар плей-офф кезеңінде чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.