Покатилов тағы да қақпасына гол жібермеді: «Сабах» Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне өтті

«Сабах» ФК
«Сабах» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жеңісті сериясын жалғастыруда.
Әзербайжандық клуб екі матчтың қорытындысы бойынша финляндиялық «КуПСты» жеңіп, басты еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Қарымта кездесу Финляндияның Куопио қаласындағы «Вяре Арена» стадионында өтті. Қонақтар ойынды сенімді өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
«Сабах» сапында капитандық таңғышты тағы да қазақстандық қақпашы Стас Покатилов тақты. Қазақстан құрамасының голкипері 90 минут бойы алаңда болып, кезекті рет «құрғақ» матч өткізіп, «КуПС» ойыншыларына гол соғуға мүмкіндік бермеді.
Әзербайжандық команда алғашқы голын екінші таймда соқты. 53-минутта Велько Симич есеп ашса, 70-минутта Джой-Ланс Миккельс есепті еселеді.
Чемпиондар лигасы, іріктеу кезеңі
«КуПС» – «Сабах» – 0:2
Голдар: 53 – Симич, 70 – Миккельс
Екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында да «Сабах» 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша әзербайжандық клуб 3:0 жалпы есеппен келесі кезеңге өтті.
Бұл жеңіс «Сабах» үшін қазіргі Чемпиондар лигасы маусымындағы қатарынан төртінші жеңіс болды. Бұған дейін команда бірінші іріктеу кезеңінде валлиялық «Нью-Сейнтсті» екі рет жеңген – өз алаңында 2:0, сырт алаңда 2:1.