Принц Уильям «Алтын доп» иегері Харри Кейнді құттықтады

Фото: @thewalesbrasil
Уэльс ханзадасы Уильям Мюнхеннің «Бавария» клубы мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейнді 2026 жылғы «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алуымен құттықтады.
BBC Sport басылымының мәліметінше, ханзада 33 жастағы футболшының жетістігін ерекше атап өткен.
«Харри Кейнді «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ол әбден лайық болған керемет жетістік. Ол тамаша капитан, үздік ойыншы әрі бүкіл әлемдегі футбол жанкүйерлеріне ұмытылмас сәттер сыйлаған тұлға», – деді ханзада Уильям.
Марапаттау рәсімі 26 қазанда Лондондағы «Палладиум» театрында өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Кейн мадридтік «Реалдың» француз шабуылшысы Килиан Мбаппе мен «Барселонаның» испаниялық вингері Ламин Ямальдан озып, бірінші орынға ие болды. Мбаппе екінші, Ямаль үшінші орын алды.
Кейн соңғы 25 жылда «Алтын допты» жеңіп алған алғашқы ағылшын футболшысы атанды. Бұған дейін бұл марапатты 2001 жылы Майкл Оуэн иеленген еді. Жалпы, Кейн беделді жүлдеге қол жеткізген бесінші ағылшын ойыншысы болды. Оған дейін Стэнли Мэттьюз, Бобби Чарльтон, Кевин Киган және Майкл Оуэн бұл марапатты жеңіп алған.
Еске салайық, 2025/2026 жылғы маусымда Кейн «Бавария» мен Англия құрамасы сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соқты. Мюнхендік клубпен бірге Германия чемпионатын, Кубогын және Суперкубогын жеңіп алды. Ал Англия құрамасын 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесіне жеткізді. Сонымен қатар ағылшын шабуылшысы маусымның үздік сұрмергеніне берілетін Герд Мюллер жүлдесін иеленді.