ПСЖ Чемпиондар лигасында «Романы» жеңе алмады

Фото: ФК ПСЖ
Франциялық ПСЖ УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің бесінші турында Италияның «Рома» клубымен 2:2 есебімен тең түсті.
Париж (Франция). УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 5-тур.
ПСЖ – «Рома» – 2:2
Голдар: Забарный (31), Дембеле (62, пенальти) – Эрмосо (5), Мален (78, пенальти).
Қонақтар кездесудің бесінші минутында-ақ есеп ашты. Марио Эрмосо Матиас Суленің пасын сәтті пайдаланып, Матвей Сафонов қорғаған қақпаны дәл көздеді.
31-минутта ПСЖ таразы басын теңестірді. Илья Забарный Сенни Маюлюдің бұрыштамадан асырған добын баспен қақпаға бағыттап, Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын соқты.
Үзілістен кейін париждіктер алға шықты. 62-минутта Усман Дембеле Ашраф Хакимиге қарсы ереже бұзылғаны үшін белгіленген пенальтиді сәтті орындады. Айта кетейік, француз шабуылшысы осыдан үш минут бұрын ғана алаңға шыққан еді.
Алайда «Рома» жеңілістен құтылып кетті. 78-минутта VAR жүйесі арқылы эпизодты қайта қараған төреші Витиньяның өз айып алаңында допты қолымен ойнағанын анықтап, пенальти белгіледі.
Он бір метрлік айып добын Дониэлл Мален дәл орындап, есепті 2:2-ге жеткізді.
Қалған уақытта ПСЖ жеңіс голын соғуға тырысқанымен, италиялық клуб тең нәтижені сақтап қалды.
Осылайша бес турдан кейін ПСЖ 13 ұпай жинап, Чемпиондар лигасының жалпы турнирлік кестесінде екінші орында тұр. Ал бес ұпайы бар «Рома» 25-сатыға жайғасқан.
Келесі турда екі команда да 9 желтоқсанда алаңға шығады. ПСЖ сырт алаңда Англияның «Астон Вилласымен» кездессе, «Рома» өз стадионында Португалияның «Спортинг» клубын қабылдайды.