ПСЖ қызыққан Ферран Торрестің бағасы белгілі болды

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Ферран Торрестің «Барселонадағы» болашағы күмән тудырып отыр. ПСЖ испаниялық шабуылшының трансфері бойынша келіссөздерді бастауға ниетті, ал футболшының өзі Diario Sport мәліметінше, мансабын Лига 1-де жалғастырғысы келетінін аңғартқан.

Париждік клубтың қызығушылығы нақты қадамдарға ұласып келеді. Тараптар ықтимал трансферді осы аптада талқылауды жоспарлап отыр. Алайда ойыншының бағасына қатысты клубтардың көзқарасы әзірге сәйкес келмейді.

Торрестің «Барселонамен» келісімшарты 2027 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Парижде бұл факторды келіссөздерде пайдалануды көздейді. ПСЖ келісімшарт мерзімі аяқталуына аз уақыт қалған футболшы үшін артық төлеуге ниетті емес.

Каталониялық клубтың да өз ұстанымы бар. «Барселона» жаңа шабуылшы сатып алғанға дейін Торреспен қоштасқысы келмеген, алайда ойыншының жеке қалауы жағдайды өзгертуі мүмкін. Бастапқы келіссөздерде клуб кемінде 65 миллион еуро сұрамақ. Бұл қаржы соңғы трансферлік шығындарды жабуға да көмектеседі.

Париж клубы, өз кезегінде, келіссөздерді созбалаңға салмау үшін нақты ұсыныс жасауға дайын. Қосымша фактор ретінде клубтардың спорттық директорлары Деку мен Луиш Кампуш арасындағы жақсы қарым-қатынаста.

Компромисс нұсқа ретінде 55 миллион еуро (бонусымен қоса) қарастырылып отыр. Дәл осы соманы «Барселона» кезінде «Манчестер Ситиге» Торрес үшін төлеген. Каталон клубы бұл бағаны орынды деп санайды және шабуылшыны айтарлықтай арзанға сатқысы келмейді.