Путинцева мен Шевченко Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Фото: Никита Басов
Қазақстанның екі өкілі Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарындағы жекелей теннис жарысын жалғастырады.
Юлия Путинцева мен Александр Шевченко ширек финалдағы кездесулерін сәтті өткізіп, енді жарыстың финалына бір қадам қалды.
Путинцева Таиланд теннисшісі Мананча Савангкаевамен кездесті. Қазақстандық спортшы қарсыласына ойын тізгінін бермей, матчты екі сетте жеңіспен аяқтады.
Юлия алғашқы партияда 6:3 есебімен басым түссе, екінші сетте қарсыласына бір де бір гейм бермей, 6:0 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды.
Жартылай финалда Қазақстан өкілі Қытай теннисшісі Чжан Шуаймен кездеседі.
Александр Шевченко да жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда қазақстандық теннисші Таиланд өкілі Максимус Джонспен кездесіп, оны екі партияда – 6:1, 6:4 есебімен жеңді.
Бұл теннисшілердің алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін Шевченко мен Джонс Астанада өткен Дэвис кубогі аясында өзара ойнаған. Сол кезде де қазақстандық теннисші жеңіске жеткен. Алайда ол жолы жеңіс үшін үш сет қажет болды – 6:4, 1:6, 7:5.
Қазақстанның тағы бір өкілі Тимофей Скатов ширек финалға шыға алмады. Оның турнирдегі жолы 1/8 финалда Таиланд спортшысы Касидит Самреджден жеңілгеннен кейін аяқталды. Скатов екі партияда 2:6, 6:7 есебімен ұтылды.
Айта кетейік, бұған дейін Дэвис кубогінде қазақстандық теннисші Самреджбен кездесіп, оны жеңген болатын. Сол матчта Скатов 6:4, 7:6 есебімен басым түсті.
XX жазғы Азия ойындары Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатыр. Әртүрлі спорт түрлерінен медальдар 4 қазанға дейін сарапқа салынады.