Путинцева Уимблдоннан кейін жаңа турнирді жеңіспен бастады

Фото: Getty Images
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Швецияның Бастад қаласында өтіп жатқан турнирді сәтті бастады.
Үшінші нөмірлі болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда WTA рейтингінде 304-орында тұрған Грекия өкілі Марта Матулемен кездесті.
Бастад турнирі. Бірінші айналым
Юлия Путинцева (Қазақстан) – Марта Матула (Грекия) – 7:6 (7:3), 6:1.
Алғашқы сет тартысты өтіп, тек тай-брейкте аяқталды. Ал екінші партияда қазақстандық теннисші толық басымдық танытып, кездесуді сенімді түрде жеңіспен аяқтады.
Осы жеңістің арқасында Путинцева жарыстың екінші айналымына шықты. Келесі кезеңде ол германиялық Мона Бартель мен сербиялық Лола Радивоевич арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Бастадтағы турнир 6-11 шілде аралығында өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Юлия Путинцева Уимблдон-2026 турнирінде сәтсіз өнер көрсеткен болатын. Ұлыбританиядағы жарыстың бірінші айналымында ол германиялық Татьяна Марияға екі сетте – 4:6, 4:6 есебімен есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.