«Қайрат» «Астана» бапкерінің клубқа тағылған айыптарына жауап берді

Бекарыс Әлімхан··
«Астана» ФК

«Астана» ФК

«Қайрат» клубы «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаянның мәлімдемесінен кейін ресми жауап жариялады.

Маман ҚПЛ-дің 27-туры аясында «Қайратты» 1:0 есебімен жеңгеннен кейінгі баспасөз мәслихатында екі клубтың қарым-қатынасына тоқталды. Бабаянның айтуынша, алматылық клуб 2024 жылы «Астанамен» өтетін матчты кейінге шегеруге келіспеген, сондай-ақ елордалық командаға стадион мен киім ауыстыратын бөлмені ұсынбаған.

«Футбол клубы «Қайрат» «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаянның матчтан кейін айтқан мәлімдемелеріне байланысты өз ұстанымын білдіруді қажет деп санайды. Ең алдымен, ФК «Қайрат» «Астанамен» өтетін матчтың кейінге шегерілуіне кедергі келтірді деген мәлімдеме шындыққа жанаспайтынын атап өткіміз келеді.

Премьер-лиганың 19-туры аясындағы «Қайрат» пен «Астана» арасындағы матч бастапқыда 2024 жылғы 31 тамызға жоспарланған болатын. Алайда белгіленген тәртіпке сәйкес кездесу 1 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл шешім 2024 жылғы 21 тамызда «Астананың» УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтарына қатысуына байланысты ресми түрде жарияланды. Сондықтан ФК «Қайрат» бұл кездесудің кейінге шегерілуіне қандай да бір жолмен кедергі келтірді деу дұрыс емес.

Сонымен қатар, екі клубтың 2024 жылғы өзара іс-қимылына қатысты жайттарды еске салуды қажет деп санаймыз. «Астана» өз матчтарын Алматыда өткізген кезеңде ФК «Қайрат» мамандары Алматының Орталық стадионындағы футбол алаңын дайындау және оған қызмет көрсету жұмыстарына тікелей қатысты. Олар елордалық клубтың матчтарын өткізуіне қажетті жағдайды қамтамасыз етті.

Осылайша, ФК «Қайрат» «Астанаға» Алматыдағы ойындары кезінде ешқандай қолдау көрсетпеді деген мәлімдемелер де шындыққа жанаспайды», – делінген клуб хабарламасында.

Жеңістен кейін «Астана» 48 ұпай жинап, чемпионатта үшінші орында тұр. 57 ұпайы бар «Қайрат» екінші орында келеді және көш бастап тұрған «Ордабасыдан» төрт ұпайға қалып келеді.

«Қайрат» «Астана» бапкерінің клубқа тағылған айыптарына жауап берді – sport-hub