«Қайрат» бапкері «Қызылжарды» ойсырата жеңгеннен кейін мәлімдеме жасады

«Қайрат» ФК
Алматылық «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-Лигасының 17-туры аясында кейінге қалдырылған ойында петропавлдық «Қызылжарды» сенімді жеңгеннен кейін өз әсерімен бөлісті.
Бапкер матчтағы үш ұпайдың маңыздылығын атап өтіп, кездесудің басты қаһарманы атанған Дастан Сәтпаевты ерекше мақтады. Ол бұл ойында екі гол соғып, дубль авторы атанды.
«Нәтижеге көңіліміз толады. Әсіресе Дастан үшін қуаныштымын, ол осындай маңызды матчта екі гол соға алды. Бірақ ешқандай эйфория жоқ. Алда бізді маңызды ойындар күтіп тұр, әр қарсыласқа бірдей дайындықпен шығамыз. Бүгін жеңіске қуанып, ертеңнен бастап келесі матчқа дайындықты бастаймыз», – деді Уразбахтин.
3:0 есебімен аяқталған жеңіс «Қайраттың» чемпионаттағы үш матчтық жеңіссіз сериясына нүкте қойды. Бұған дейін команда «Атырау» және «Қайсармен» тең түсіп, шымкенттік «Ордабасыға» есе жіберген еді.
14 ойыннан кейін команда 30 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-Лигасының турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. «Қызылжар» 15 ұпаймен 15 ойыннан кейін оныншы орында тұр.
Айта кетейік, бұл ойын Дастан Сәтпаевтың «Қайрат» сапындағы соңғы кездесуі болды.