«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы келесі қарсыласы анықталды

«Қайрат» ФК
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңіндегі келесі қарсыласын білді.
Үшінші іріктеу кезеңінде Рафаэль Уразбахтин шәкірттері болгариялық «Левскимен» кездеседі. София клубы екінші кезеңде Румынияның Крайова қаласындағы «Университатяны» жеңіп, екі матчтың қорытындысы бойынша 3:2 есебімен басым түсті.
Қазақстан чемпионы бұл маусымдағы Чемпиондар лигасындағы жолын Черногорияның «Сутьескасын» сенімді түрде жеңумен бастаған еді – екі ойын қорытындысы бойынша 4:1. Кейін алматылықтар Кипрдің «Омониясын» турнирден шығарды: екі матч нәтижесі бойынша 1:1 тең есеп тіркеліп, пенальти сериясында «Қайрат» 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчтары 4-5 тамыз күндеріне жоспарланған. «Қайрат» алғашқы ойынын Софияда өткізсе, қарымта кездесу 11 тамызда Түркістанда өтеді.
Айта кетейік, үйдегі матчтың Түркістанға ауыстырылуы Алматыдағы Орталық стадионның осы күндері америкалық рэпер Канье Уэстің концертіне байланысты бос болмауымен түсіндіріледі.