«Қайраттың» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласы анықталды

«Қайрат» ФК
Алматылық «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласын білді.
Бұл кезеңде қазақстандық клуб бельгиялық «Андерлехтпен» кездеседі.
Бельгиялық команда келесі кезеңге грекиялық ПАОК-пен болған қарсыластықтан кейін өтті. Екі матчтың қорытындысы бойынша «Андерлехт» 4:2 есебімен жеңіске жетті.
«Қайрат» үшін қазіргі еурокубок маусымы Чемпиондар лигасынан басталды. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері екі іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Алдымен алматылықтар Черногорияның «Сутьескасын» екі ойынның қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңді. Кейін Кипрдің «Омониясынан» басым түсті. Екі матчтан кейін есеп 1:1 болып, пенальти сериясында «Қайрат» 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде қазақстандық клуб Болгарияның «Левскиімен» кездесті. Бірінші матчта 0:2 есебімен жеңілген «Қайрат» турнирден шығып, өнерін Еуропа лигасында жалғастырды.
Алматының Орталық стадионында Канье Уэстің концерті өтуіне байланысты «Левскиге» қарсы қарымта матчты алматылықтар Түркістанда өткізуге мәжбүр болды.
«Қайраттың» «Андерлехтке» қарсы алғашқы матчы 20 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді. Қарымта кездесу 27 тамызда Брюссельдегі «Лотто Парк» стадионында ұйымдастырылады.
Екі ойынның нақты басталу уақытын УЕФА кейінірек хабарлайды.
Айта кетейік, екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады.