Қазақстан әйелдер құрамасы Ирландиямен матчқа дайындалуда

ҚФФ
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Бегайым Қырғызбаева 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі плей-оффқа тарихи жолдама алған командасының дайындығы туралы айтты.
Қазақстан әйелдер құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңіне шықты. Қырғызбаева шәкірттері С лигасындағы тобында жеті ұпай жинап, екінші орын алды. Сонымен қатар өз дивизионында екінші орын алған үздік екі команданың қатарына кірді.
«Топтық кезеңнен өтіп, осы кезеңге шыққанымызға өте қуаныштымыз. Еуропаның ең мықты құрамаларының бірімен ойнауға мүмкіндік алдық. Жеребе нәтижесінде Ирландия құрамасы қарсыласымыз атанды.
Плей-оффқа шығу біз үшін өте маңызды қадам. Бұл кезеңде әртүрлі сатылардан өткен командалар бар және олардың деңгейі өте жоғары. Сондықтан біздің футболшыларға қойылатын талап та осы деңгейге сай болады.
Қазір футболшыларға Ирландия құрамасын зерттеу нәтижелерін ұсынып, алдағы матчтарға арналған жоспарымызбен бөлісіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – екі ойында да мүмкіндіктерімізді барынша пайдалану және қыздарды физикалық, техникалық әрі тактикалық тұрғыдан қажетті деңгейде дайындау.
Командадағы атмосфера өте жақсы. Қыздар біртіндеп жиналып жатыр. Бүгін Ресейден соңғы футболшыларымыз келеді. Осыдан кейін құрам толық жасақталады», – деді Қырғызбаева.
Қазақстан мен Ирландия арасындағы алғашқы матч 9 қазанда Астана Аренада өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 16:00-де басталады. Қарымта ойын 13 қазанда Корк қаласындағы «Парк И Кив» стадионында өтеді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңімпаз плей-оффтың екінші кезеңіне жолдама алып, онда Бельгия – Польша жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша жеті құрама әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Тағы бір еуропалық команда құрлықаралық плей-оффқа қатысады.