Қазақстан әйелдер құрамасының ӘЧ-2027 плей-офф кезеңіндегі ықтимал қарсыластары белгілі болды

Али Асетов··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстан әйелдер құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама үшін таласты жалғастырып, плей-офф кезеңінде Еуропаның үздік құрамаларының бірімен кездесуі мүмкін.

Команда Ұлттар лигасының C дивизионында сәтті өнер көрсетіп, іріктеу кезеңінің келесі сатысына жолдама алды. УЕФА регламентіне сәйкес, плей-оффтың алғашқы кезеңінде C лигасының командалары А лигасының өкілдеріне қарсы ойнайды.

Қазақстан «1-жолға» түсті. Құрамалар қатарында Англия, Норвегия, Нидерланд, Италия, Ирландия, Швеция, Исландия және Аустрия бар.

Осылайша, Қазақстан құрамасы плей-оффтың алғашқы кезеңінде жоғарыда аталған еуропалық алпауыттардың бірімен кездеседі.

Жеребе тарту рәсімі 18 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде өтеді. Сол кезде Қазақстан құрамасының нақты қарсыласы анықталады.

Еске салайық, іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы жеті ұпай жинап, C6 тобында екінші орын алды. Топ жеңімпазы атанған Беларусь құрамасының еншісінде тоғыз ұпай болса, Армения құрамасы бір ұпаймен соңғы орынға тұрақтады.