Басты бет
·
АО-2026

Қазақстан академиялық ескек есуден алғаш рет Азия ойындарында алтын алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық ескекшілер Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында рулі жоқ жұптық қайықтар арасындағы финалда жеңіске жетті.

Бұл Қазақстанның Азия ойындары тарихында академиялық ескек есуден жеңіп алған алғашқы алтыны.

Шешуші жарыста қазақстандық экипаж 6 минут 25,13 секунд нәтиже көрсетті. Яковлев пен Чернухин Қытай өкілдері Чуань Цао мен Мэншуай Яньдан 2,09 секундқа озып, алтын медаль жеңіп алды. Ал Өзбекстан спортшылары Максим Голубев пен Алишер Турдиев 6:32,34 нәтижесімен қола жүлдеге ие болды.

Яковлев пен Чернухиннің Азия ойындарындағы жарысы мұнымен аяқталмайды. Екі спортшы Ярослав Мельников және Тимур Фомичёвпен бірге рулі жоқ төрттіктер арасындағы финалға да қатысады. Жарыс 24 қыркүйекке жоспарланған.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстан академиялық ескек есуден алғаш рет Азия ойындарында алтын алды – sport-hub