Қазақстан Азия кубогінде шаңғы роллерінен төрт медаль жеңіп алды

Фото: kaz_ski
Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында шаңғы роллерінен FIS Азия кубогінің алғашқы кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы жарыста төрт медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының жүлде қоржынына негізгі үлесті Анна Мельник қосты. Ақмола облысының өкілі спринтте және еркін стильдегі жеке старт жарысында жеңіске жетсе, масс-стартта екінші орын алды.
Осылайша, Мельник алғашқы кезеңдегі үш жарыстың барлығына қатысып, екі алтын және бір күміс медаль иеленді.
Қазақстан қоржынына тағы бір медальді Дмитрий Коломеец салды. Ол жеке старт жарысында қола жүлдегер атанды. Ал Юрий Тумашев масс-стартта бесінші орынға ие болды.
Пхёнчхандағы жарысқа барлығы алты елдің спортшылары қатысты. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде үшінші орында тұр.
FIS Азия кубогінің келесі кезеңі 25-26 тамыз күндері Ақтөбе қаласында өтеді.