Қазақстан Чехияда пара-хоккейден қола медаль жеңіп алды

Фото: Спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан құрамасы Чехияда өткен Olomouc Cup-2026 халықаралық пара-хоккей турнирінде қола медаль жеңіп алды.
Жарыстың алғашқы матчында қазақстандық пара-хоккейшілер Франция құрамасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Кейін команда Чехияның жастар құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті.
Үшінші кездесуде Қазақстан италиялық South Tyrol Eagles клубына 0:6 есебімен есе жіберді. Осы нәтижелердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы турнирде үшінші орын алды.
Турнир жеңімпазы Италия болса, екінші орынды Чехия иеленді. Одан кейін Қазақстан, Германия, Чехия жастар құрамасы, Финляндия, Франция және Австрия командалары орналасты.
Olomouc Cup турнирінің жетінші мәрте ұйымдастырылған бәсекесі 28–30 тамыз аралығында өтіп, оған жеті елден сегіз ұлттық және клубтық команда қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан екі жыл бұрынғы нәтижесін жақсартты. Olomouc Cup-2024 турнирінде ұлттық құрама бесінші орын алған болатын. Ол кезде де South Tyrol Eagles жеңімпаз атанған.