Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Қазақстан құрамасы Армениядағы турнирде сегіз медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: UWW

Фото: UWW

Қазақстандық балуандар Ереванда өткен Степан Саргсян атындағы 26-шы халықаралық кубокта сегіз медаль жеңіп алды.

Құрама қоржынына жалғыз алтын медальді 86 келіге дейінгі салмақта Асхаб Хаджиев салды. Финалда қазақстандық балуан 2025 жылғы әлем чемпионы, АҚШ өкілі Захид Валенсияны 12:11 есебімен жеңді.

Шешуші белдесуде Хаджиев 2:8 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өз пайдасына аудара білді. Жекпе-жектің аяқталуына 12 секунд қалғанда есепті теңестірді. Америкалық тарап төрешілер шешіміне наразылық білдіргенімен, наразылық қанағаттандырылмады. Осыдан кейін қазақстандық балуанға тағы бір ұпай берілді. Қалған уақытта Валенсия жеңісті жұлып алуға тырысқанымен, Хаджиев басымдығын сақтап қалды.

Күміс жүлдені Осымжан Дастанбек (65 келіге дейін) пен Мейрамбек Қартбай (61 келіге дейін) иеленді.

Ал қола жүлдеге Әділ Оспанов (65 келіге дейін), Ернұр Нұрғазы (70 келіге дейін), Дархан Есенғали (74 келіге дейін), Диас Сағдатов (79 келіге дейін) және Рүстем Мырзағалиев (86 келіге дейін) қол жеткізді.

Турнир 11-13 қыркүйек аралығында өтіп, оған 15 елден 181 балуан қатысты. Әр салмақта жеңімпазға 2 мың доллар, күміс жүлдегерге 1 мың доллар, ал қола жүлдегерге 500 доллардан берілді.

Еске салайық, жарыс 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Еуропа чемпионы, армениялық еркін күрес шебері Степан Саргсянның құрметіне аталған.

Қазақстан құрамасы Армениядағы турнирде сегіз медаль жеңіп алды – sport-hub